2050 жылға қарай газ бен көмірді әлемдік тұтыну айтарлықтай төмендейді

2017 жылғы 19-20 маусымда Астана қ. «Болашақ энергиясы: инновациялық сценарийлер және оларды іске асыру әдістері» WSEC-2017 Дүниежүзілік инженерлер мен ғалымдардың конгресі өтуде.

Форум жұмысына әлемнің 51 елі атынан 1000-нан астам көрнекті ғалымдар мен инженерлер қатысуда.

Дүниежүзілік инженерлер мен ғалымдар конгресінің пленарлық отырысында «Форсайт – 2050. Энергияның жаңа әлемі және ондағы Қазақстанның орны» зерттеуінің нәтижелерін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндады.

Құжат жаһандық энергетикалық әлемнің болашақ дамуы туралы көріністерді және 2050 жылға дейінгі ілеспе технологияларды, сондай-ақ оның Қазақстанға әсерін білдіреді.

Қанат Бозымбаев атап өткендей, «жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) негізіндегі электр генерациясымен ауыстыру есебінен 2050 жылы газға сұраныс 5 пайызға төмендейді. Бұдан басқа, табиғат қорғау заңнамасы және электр генерацияда газ бен ЖЭК тараптарынан бәсекелестік салдарынан көмірге жаһандық сұраныс 2015 жылғы 5,6 млрд.тоннадан 2050 жылға қарай 2,4 млрд.тоннаға төмендейді».

Зерттеулер деректері бойынша, әлемде күн және жел электр станцияларынан электр генерациясының үлесі 2050 жылға қарай 5 пайыздан 50 пайызға дейін 10 есе артады, бұл ретте, күн генерациясы жылдық орташа өсім қарқынымен 10,2 пайызға, ал жел генерациясы 7,1 пайызға өседі.

Көмір қуатының айтарлықтай үлесін ауыстыру есебінен ЖЭК-тің үлесі 2050 жылға қарай жалпы электр энергияны өндіруде 42 пайызды құрайды.

2050 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,3 есе артады, және 123 млрд. кВт*сағ. құрайды.

Қазақстанда ЖЭК-тің кеңінен таралуы кезінде, көмірге сұраныс 69 млн.тоннадан 31 млн.тоннаға дейін төмендейді. Атап айтқанда, электр және жылу энергиясының генерациясы секторында көмірді тұтыну 50 млн.тоннадан 18 млн.тоннаға дейін төмендейді. Көмір есебінен жалпы өндірудің үлесі 70 пайыздан 22 пайызға дейін айтарлықтай төмендейді.

«Біздің еліміз күн және жел энергиясының жоғары әлеуетіне ие. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі халықтың және өнеркәсіптің ұлғайған тұтынуын өтеу үшін жаңартылатын энергия көздерін дамытуды белсенді ынталандыруды жалғастырады,» - деп Қ. Бозымбаев өз сөзін қорытындылады.

Форумның екі күн ішінде 300-ден астам баяндама, 80-нен астам ғылыми презентациялар, макеттер және іске асырылған инновациялық жобалардың бейнематериалдары, үш «дөңгелек» үстел және көптеген пікірсайыстар өтеді.

Дүниежүзілік инженерлер мен ғалымдар конгресі тек Қазақстанда ғана емес, жалпы Орталық Азияда тұңғыш рет өткізіліп отыр.

 

ҚР ЭМ Баспасөз қызметі

Хабарландыру
Top